
Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында Жеке текті қорлар басқармасының ұйымдастыруымен 2010 жылғы 16 шілдеде «Мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаров 80 жаста» атты тақырыптық-экспозициялық құжатты көрме өткізілді.
Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Жәлиұлы Айдаров 1930 жылы 15 шілдеде Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген.
Ол әр жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қызылорда облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы, Республикалық «Білім» қоғамы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 1959 жылдан КСРО Журналистер одағының мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент. 2000 жылы Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағын иеленді.
Дәуірхан Айдаровтың 80 жасқа толған торқалы тойына орай дайындалған құжатты көрменің тақырыптық-экспозициялық жоспары төмендегі тараулардан тұрады:
1. Жалпы өмірбаяндық деректер, суреттер
2–3. Мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі
4. Оқу-әдістемелік, шығармашылық қызметі
5. Марапаттары, құрмет қағаздары, құттықтаулар.
Көрме жұмысына барлығы 77 құжат, оның ішінде 29 сурет пайдаланылды. Сонымен қатар Д. Айдаровтың әр жылдары жарық көрген 10-нан астам ғылыми, публицистикалық еңбектері экспозицияланды.
Д. Айдаровтың жеке мұрағатының құжаттары Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатына мемлекеттік сақтауға 2000 жылы сәуірде Дәуірхан ағаның өз қолымен тапсырылды.
Жеке қордың құжаттарын ғылыми сараптау нәтижесінде 1946 – 2001 жылдар аралығындағы құжаттардан тұратын 70-ке жуық іс қалыптастырылды.
Құжатты көрменің тұсаукесеріне Дәуірхан Айдаровтың қыздары мен немерелері, Мұрағат ұжымы қатысты.
|
|
![]() |