
2010 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында белгілі жазушы, журналист, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Әнуарбек Тұрлыбекұлы Әлімжановтың 80 жылдығына орай кездесу өткізілді.
![]() |
![]() |
Ә. Т. Әлімжановтың аты Қазақстанда ғана емес алыс және жақын шетелдерге де белгілі.
Әнуар Тұрлыбекұлының еңбек жолы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтаған соң 1954 жылы облыстық «Алма-Атинская правда» газетінің редакциясында тілшілік қызметтен басталды.
1955 жылғы наурыздан бастап Ә. Т. Әлімжанов «Литературная газетаның» Қазақстан мен Қырғызстандағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеді. Соңынан 1959–1960 жылдары «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары лауазымын атқарды. 1963–1964 жылдары Ә. Т. Әлімжанов «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы болды. 1964–1967 жылдары «Литературная газетаның» Орта Азия мен Қазақстандағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 1967–1968 жылдары ол «Правда» газетінің меншікті тілшісі болды. 1968 жылы ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды.
1970–1979 жылдар аралығында Ә. Т. Әлімжанов Қазақстан Жазушылар одағының басқармасын басқарды.
1979–1985 жылдары Әнуарбек Тұрлыбекұлы Қазақстанның Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының төрағасы болды.
1986 жылдан бастап Қазақ Бейбітшілікті қорғау комитетінің төралқасының төрағасы қызметін атқарып,1987 жылы Кеңестік мәдениет қорының Қазақ республикалық бөлімшесінің бастығы болды.
1988–1991 жылдары ол Бүкілодақтық Авторлық құқықтар жөніндегі агенттіктің Қазақ республикалық бөлімшесінің бастығы, Қазақ КСР-і Коммерциялық телевидение мен радиотарату ассоциациясының президенті болды.
1991 жылы қазанда Ә. Т. Әлімжанов халық депутаты, КСРО Жоғары Кеңесі Республикалар Кеңесінің төрағасы болып сайланды, КСРО тарихындағы соңғы Жоғары Кеңестің сессиясының жұмысына қатысты.
1991 жылы 26 желтоқсанда ол тарихи құжатқа – Халықаралық құқық субъектісі ретінде КСР Одағының жойылуы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуы туралы КСРО Жоғары Кеңесінің Республикалар Кеңесінің Декларациясына қол қойды.
КСРО Жоғары Кеңесі таратылған соң Ә. Т. Әлімжанов Қазақстанға оралып, 1992 жылы наурызда ол Социалистік партияның төрағасы болып сайланды. Бірақ ауыр науқас Әнаурбек Тұрлыбекұлының бастамалары мен жоспарларын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді, 1993 жылы 9 қарашада ол 63 жасында дүние салды.
Саналы ғұмыры барысында Ә. Т. Әлімжанов өнімді шығармашылық жұмыспен айналысты, оның қаламынан «Караван идет к солнцу» (1963), «Синие горы» (1964), «Сувенир из Отрара» (1966), «Стрела Махамбета», «Гонец» (1970–1973), «Возвращение учителя» (1978), «Познание» (1987–1990) және т. б. повестер мен романдар дүниеге келді.
Оның еңбектері елімізде ғана емес шетелдерде де лайықты бағасын ала білді. Ә. Т. Әлімжановтың қызметі «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен атап өтілді, отандық және халықаралық түрлі сыйлықтардың лауреаты атанды.
Жазушының мерейтойына арналған кездесуге оның мұрагерлері: зайыбы Флюра Қадырқызы Байниетова, қыздары Динара, Раушан, немерелері Алан мен Алдияр, бұрынғы әріптестері, достары, ғалымдар қатысты. Атап айтқанда белгілі журналист, жазушы Ғаббас Қабышұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ оқытушысы Кәкен Хамзин, жерлесі, жазушы, ғалым Тоқтар Бейісқұлов, Қазақстанның Социалистік партиясында бірге қызмет істеген әріптестері Анатолий Антонов, Күмісжан Өмірбаева, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының ұжымы қатысты.
Кездесуге қатысушылар Ә. Т. Әлімжановтың жеке қорынан алынған құжаттар негізінде дайындалған көрмемен таныстырылды.
Кіріспе сөзбен кездесуді Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры В. Н. Шепель ашып, қатысушылардың назарына Әнуарбек ТҰрлыбекұлының отбасы: Флюра Қадырқызы Байниетова мен Асқар Әнуарбекұлы сыйға тартқан жеке қорының құжаттары негізінде құрастырылған құжаттар жинағын, сонымен қатар Ғаббас Қабышұлы жинақтап, құрастырған мақалалар мен естеліктер жинағын ұсынды.
Қонақтар талантты жазушы, ғажайып тұлға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері туралы естелік әңгімелерін орта салды. Кездесу жылы шырайлы, жайма-шуақ көңілде өтті.